Алик Шпекбаев Түркия Елшісімен кездесті

А.ж. 10 маусымда Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң Төрағасы Алик Шпекбаев Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Невзат Уяныкпен кездестi.

Түркия елшiсi Қазақстандағы мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы iлгерiлемелi қозғалысты атап өттi, екi жақты қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды.

«Бiз Қазақстанның қалай дамып жатқанын көрiп отырмыз. Тәуелсiздiк алған сәттен бастап аз уақыт iшiнде Қазақстан тиiмдi мемлекеттiк аппарат құруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiздi.

Бүгiнгi таңда Қазақстан мен Түркия арасында тығыз сауда-экономикалық қатынастар жолға қойылған. Бiздiң сауда-экономикалық қарым-қатынастарымыз соңғы 15 жылда $3,5 миллиардқа жеттi. Бiз екi ел арасындағы одан әрi жемiстi ынтымақтастықты күтемiз», — деп атап өттi Елшi мырза.

Түрiк дипломаты мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер сапасын арттыру және электрондық үкiметтi енгiзу саласындағы Қазақстанның оң жетiстiктерiн ерекше атап өттi.

«Қазақстан сервистiк мемлекеттi құруда серпiлiс жасап, электрондық үкiметтi енгiзу мен дамыту, мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi ұсыну процестерiн жетiлдiру бөлiгiнде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiздi", — дедi Елшi мырза.

Өз кезегiнде Агенттiк Төрағасы Түркиямен ынтымақтастық Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлiгi болып табылатынын ерекше атап өттi.

«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас өзара достықта, бауырластық пен сенiмде негiзделген.

Бiздiң есiгiмiз инвесторлар үшiн ашық. Барлық қол жетiмдi ресурстарды пайдалана отырып, бiз кәсiпкерлер мен инвесторларды төрешiлдiктен және олардың қызметiне заңсыз араласудан қорғауға барынша жәрдемдесетiн боламыз», — дедi А. Шпекбаев.

Агенттiк басшысы инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге бағытталған бизнес пен инвестицияларды қорғау жөнiндегi жобаның жұмысы туралы айтып бердi.

Елшi мырза Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан түрiк бизнесмендерiнiң инвестициялық жобалары туралы айтып, Агенттiктiң осы бағыттағы қызметiне ерекше қызығушылық бiлдiрдi.

«Олардың одан әрi дамуы серiктестердiң тарапынан бизнестi адал жүргiзумен тiкелей байланысты болады», — деп атап өттi ол.

Кездесу қорытындысы бойынша Невзат Уянык Агенттiк басшысына көрсетiлген қабылдау үшiн алғысын бiлдiрiп, жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екендiгiн айтты.

12.06.2019
Қараулар: 260