Биыл СҚО-ның ауыл шаруашылығы саласында 500 млрд теңгенің өнімі өндірілді

Хабар 24 Ел егемендiгiн алған 1991 жылы бұл көрсеткiш 2-ақ млрд теңге едi. Бүгiнде өңiр өз-өзiн ет-сүт өнiмдерiмен толық қамтып, экспортқа шықты. Аргарлы аймақта 120 қайта өңдеу кәсiпорны құрылып, тұрақты түрде жұмыс iстеп тұр. Бұл — Қазақстандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бiрi. Серiктестiкте 8 мың сиыр бар. Олардан күнiне 60 тонна сүт сауылып, айран, қаймақ, май шығарылады. «Ауыл шаруашылығы кластерi бiр күнде құрылған жоқ», — дейдi Геннадий Зенченко.

Геннадий Зенченко, командиттiк серiктестiктiң директоры:

 — Салыстыратын болсақ, 2007 жылы жылына 5 мың 500 тонна сүт өндiрсек, биыл 19 мың тоннаға жеттiк. 1990 жылдары гектарына 14 центнер астық жинасақ, соңғы 10-15 жылда 25 центнерден аз алған емеспiз. Ендi егiн шаруашылығын әртараптандырып, майлы дақылдар алқабын арттырдық.

Осындай iскер азаматтар ауыл шаруашылығын көтерiп, елдi мекендердiң дамуына сүбелi үлес қосты. Бүгiнде Новоникольское ауылында мәдениет үйi, спорт кешенi, емдеу мекемесi бар. Жұмысшыларға баспана салынды. Тiптi жел генераторлары орнатылып, баламалы қуат көзi пайдаланылып отыр. Солтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы техникалары да құрастырылады. Солардың бiрi — трактор зауыты. Кәсiпорында «Батыр» деп аталатын тракторлармен қатар, Қазақстандағы бiрiншi егiн егу кешендерi жасала бастады.

Сергей Шинкаренко, трактор зауытының бас директоры:

 — Жаңа жылдан бастап бiздiң тракторларымыз субсидияланады. Яғни сатылған әр техника үшiн 25 проценттiк қаржылай қолдау қарастырылған. Бұл өндiрiстiң өркентеуiне мүмкiндiк бередi.

1990 жылдардың соңында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемi төмендеп кеттi. Елде тиiстi шаралар қолға алынып, көрсеткiш көтерiлдi. Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысы биыл инвестиция тарту бойынша бiрiншi орынға шықты.

Қайрат Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

 — Осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығына 66,8 млрд инвестиция тартылды. Жыл басынан берi бұл салада 11 жоба жүзеге асып, 209 жаңа жұмыс орны ашылды.

Тәуелсiздiк жылдары мал шаруашылығы да дамыды. Өңiрге алыс-жақын шетелдерден 11 мың iрi қара сатып алынып, 40 асыл тұқымды ферма құрылды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев және Дмитрий Рура

26.12.2017
Қараулар: 231