«Астана Опера» сахнасында танымал француз және қазақстандық музыканттар бас қоспақ

Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз конференциясында атақты француз аспапшылары — скрипкашы Юг Борсарелло мен виолончелист Готье Эррманн өздерiнiң қазақстандық әрiптестерi, скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, альтист Толқын Қилыбаева және пианист Гаухар Тасбергеновамен «Астана Опера» сахнасында бiрге өнер көрсететiнi туралы мәлiм болды.

26 қаңтарда «Астана Операның» Камералық залында «Париж — Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейiн» атты концертi өтедi. Осы концертте қазақстандық музыканттар мен кеш қонақтары отандық композиторлар музыкасын және француз авторларының туындыларын орыйндайды. Бағдарламаға Ж.Бизенiң «Кармен» операсы тақырыптарына фантазия, С.Рахманиновтың №1 элегиялық трио, соль минор, Г.Форенiң «Пробуждение», Ж.Массненiң «Таис» операсынан Meditation («Толғану»), К.Дебюссидiң «Девушка с волосами цвета льна», Ғ.Жұбанованың №1 iшектi аспаптар квартетi, ре минор және К.Күмiсбековтiң «Поэмасы» енген.

«Бұл концерт «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасының аясында өтуде. Аталған бағдарламаның арқасында, мына бiз, әртiстер қазақстандық мәдениеттi елiмiзде, сонымен қатар шетелде танытып, асқақтатудың керемет мүмкiндiгiне иемiз. Концерт ұлы композиторлардың, соның iшiнде К.Дебюсси мен Ғ.Жұбанованың шығармашылығына арналған. Әуелде, француз әрiптестерiмiзге Ғ.Жұбанованың №1 iшектi аспаптар квартетi, ре минор, бiрiншi бөлiмiн орындауға ғана ұсыныс бiлдiрген едiк, себебi осыған дейiн олар қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындап көрмеген едi. Дегенмен, бұл әйгiлi туындының үзiндiсiн естiген әрiптестер оны толығымен орындаймыз деп шештi. Концертке дайындалу барысында К.Күмiсбековтiң «Поэмасын» алғаш рет естiген виолончелист Готье Эррманн музыканың әсерiне бөленгенi соншалық, ендi, аспапшы бұл шығарманы өзiнiң тұрақты репертуарына қосуға ниеттi»,- деп бөлiстi Қазақстан Республикасының Президентi — Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, «Астана Операның» концертмейстерi, фортепиано партиясын орындаушы Гаухар Тасбергенова.

Мариин театры оркестрiмен келiсiмшартын аяқтаған скрипкашы Қаламқас Жұмабаева жаңа маусымда алғаш рет астаналық көрерменнiң алдына шығады. Ол биыл классикалық және дәстүрлi музыка туындыларын үздiк орындаушылардың тiзiмiне ендi. Ал француз музыканттары қазақстандық тыңдарманның көзайымына айналды, себебi скрипкашы Юг Борсарелло мен виолончелист Готье Эррманн бiрнеше рет елiмiздiң түрлi сахналарында, сондай-ақ «Астана Опера» театрында өнер көрсеткен болатын.

Концерттiң барлық қатысушылары — XVII, XVIII және XIX ғасырлардағы көне аспаптарда ойнайтын жоғары деңгейлi музыканттар.

Өткен жылдың қазан айында Парижде ҚР Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерiнде «Рухани жаңғыру» бағдармаласын таныстырған едi, сонымен қатар қазақстандық әртiстер париждiк үздiк сахналарда өнер көрсеттi. Өз кезегiнде, француз музыканттары өнерлерiн елiмiзде паш етпек, және «Париж — Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейiн» концертi осының жарқын дәлелi болмақ.

     

23.01.2018
Қараулар: 297