Қазақстандық кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме азайтылады

Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қолданысқа енгізілуімен Қазақстанның кәсіпкерлері мен бизнесмендерін күтетін жаңалықтар туралы баяндады.

Заңға 24 мамырда Мемлекет басшысы қол қойды. Құжат Президенттің 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту жөніндегі тапсырмасына орай әзірленген және 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға тарта түзетуді көздейді.

«Бұл Заң көбінесе кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің шарттарын жақсартуға және кәсіпкерлердің бүгінде едәуір осал жері болып отырған құқықтық қатынастардағы құқығын қорғауды қамтамасыз етуге, оларға әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - деді С.Жұманғарин ОКҚ баспасөз конференциясында.

Бірінші бағыттың – мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалаудың аясында – Қазақстанда жаңа алдын ала бақылау институты енгізіледі. Қазіргі қолданылып жүрген тексерістен айырмашылық құқықбұзушылықтарды әкімшілік іс қозғамай тұрып, алдын алу және ескерту болмақ. Мәселен, бақылау қорытындысы бойынша кәсіпкерге заңбұзушылықты жою туралы ескертпе беріледі, ал бұрын ол бірден әкімшілік немесе өзге де жауапкершілікке тартылатын еді. Бизнесменге анықталған заңбұзушылықты жоюға белгілі бір уақыт беріледі, ал ол жойылмаған жағдайда, мемлекеттік органға ендігі тұста қайталама, яғни жоспардан тыс тексеру құқығы беріледі.

«Бұл, сөз жоқ, шығындарды және кәсіпкердің назарын негізгі қызметінен бұратын қысымды азайтуға мүмкіндік береді, сәйкесінше, сыбайлас жемқорлық қатері төмендейді», - деді вице-министр.

Заң арқылы қазіргі 114 бақылау саласынан 20 сала және 544 бақылау қызметінен 108-і алынып тасталады, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 47 бабы бойынша баптар және өкілетті органдардың әкімшілік іс қозғау үшін құзыреті алынып тасталады.

Екінші бағыт – ақпараттық құралдарды реттеу – ҰЭМ бұйрығының деңгейінде ақпараттық құралдардың тізбесін заңнамалық бекітуді көздейді. Барлық ақпараттық құралдар мен оларды ұсыну тәртібі нақты регалменттеледі, ал олардың санын реформаның тек алғашқы кезеңінің өзінде 30%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

Заң арқылы сондай-ақ табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сала субъектілері көрсететін міндетті қызметтерді реформалау қарастырылған. Енді Үкімет осындай қызметтердің тізбесін бекітетін болады, олардың саны 75-ке жуық екені

анықталды, ал ҰЭМ оларды көрсетудің тәртібін бекітіп, олардың көрсетілуіне бақылауды жүзеге асыратын болады.

«Нәтижесінде, кәсіпкерлердің табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сала субъектілерімен өзара әрекеті кезіндегі құқығы мен мүдделерін қорғау қамтамасыз етіледі», - деді ҚР ҰЭМ вице-министрі.

Заңның бір нормасы сондай-ақ бизнес шығындарын төмендету, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау мен жою. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің түрлі, техникалық, экологиялық, монополияға қарсы реттеу, жер қатынастары, табиғи монополия секілді салалардағы бейөндірістік шығындарын азайту қарастырылған; қоғам мүддесіне және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зардап келтіру қатерінсіз адал бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу арқылы елдегі бизнес-климатты жақсарту көзделген.

Заң сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушыларға салықтық ауыртпалықтарды азайтуды көздейді. Әңгіме Қазақстанның аумағынан отандық автокөлік құралдарын шығару алымының мөлшерлемесін 3-тен 1 АЕК-ке дейін азайту туралы болып отыр. Бұл бизнес шығындарын 1,4 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді.

Түзетулер сондай-ақ Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позициясын жақсартуға бағытталып отыр. Бұл жұмыстардың аясында Заң арқылы рейтингтің 8 индикаторы бойынша бизнес жүргізу шартын жақсарту реформасының 6 пакеті көзделеді.

Мәселен, бизнестің операциялық шығындарын қысқарту және мөр талап етуді жою реформасын жалғастыру мақсатында мемлекеттік органдар мен қаржылық ұйымдарға жеке кәсіпкерлік субъектісінің құжатындағы мөрді талап етуіне тыйым салуды енгізу ұсынылуда. Құрылыс саласында құрылыс жобасына кешенді ведомстводан тыс сараптама жасау құрамындағы жобалардың экологиялық сараптамасына қатысты «бірыңғай терезе» қағидасы жетілдіріледі.

Сондай-ақ, жер және құқық кадастрын кейіннен біріктіру мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу және Әділет министрлігінің атынан мәміле жасау жөніндегі функцияны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беру ұсынылып отыр.

р

с

к

04.06.2018
Қараулар: 228