Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы

Тәуелсiздiк жылдары ел өмiрiнiң ең қиын да күрделi кезеңдерiнде мен кез келген мәселенi қадiрмендi отандастарыммен бiрге бүкпесiз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемi ой бөлiсiп келемiн. Бүгiнгiдей бүкiл әлем алаң күй кешiп, ұлт саулығы сынға түскен қазiргi сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тiлеулi сөзiмдi арнағалы отырмын.

Тұтқиылдан келген жаман iндет — коронавирус дертi барша адамзатқа қауiп-қатер төндiруде. Қазiрдiң өзiнде дүние жүзi бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмiрi қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттерi қатерлi дертке бiрлесе дауа iздеп, бүгiнгi заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-бiлiмiнiң жетiстiгiн ортақ мақсат жолына бiрлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде.

Қазақстан қауiптi дерттiң алдын алуға әлем елдерiнiң ең алғашқыларының бiрi болып кiрiстi. Тиiстi сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттiк органдар арнаулы дайындықтан өткiзiлдi. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбiп, өршiгенi бақыланды. Соның нәтижесiнде iндеттiң етек алып кетуiне мүмкiндiгiнше жол берiлмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшiн көп жұмыс iстелдi, әлi де талай шаруа атқарылатын болады. Игi мақсаттағы iс-шаралардың бәрiне жер-жерлерде бүкiл халық болып қолдау көрсеткенiмiз жөн.

Тәуелсiздiктiң ең алғашқы күндерiнен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кiмге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнiң барлық мемлекетiмен арадағы келiсiм мен достыққа, өзара сенiм мен ықпалдастыққа негiзделген саясат ұстандым. Егемендiктiң бастапқы жылдарында iргелес елдердiң бәрiмен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесiн түбегейлi шешкеннен кейiн түрлi деңгейдегi ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебi де сол едi.

Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi құрып, Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитiн, Астана экономикалық форумы мен бүкiләлемдiк ЕХРО көрмесiн өткiзу шараларының бәрi — Қазақстан мен дүние жүзi мемлекеттерi арасындағы өзара достық пен сенiмге негiзделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшiн жасалды. Өмiрдiң өзi, дәл бүгiнгi қалыптасқан жағдай бiз ұстанған бiрiгу мен бiрлесуге негiзделген саясаттың бiрден-бiр дұрыс жол екендiгiне көзiмiздi жеткiзiп отыр.

Жаһан жұртшылығын әбiгерге салған пандемия жаңа бүкiл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсiпорындардың жұмысы тоқтады, көлiк атаулының қозғалысы шектелдi. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-берiс тиылды. Мұның бәрi бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкелiп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтiп отыр.

Бiздiң Отанымыз Қазақстан — қазба байлықтарға, оның iшiнде мұнайға бай ел. Мен «Бiзде мұнай мен газ бар екен деп, үнемi соған тәуелдi болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендiк жылдары бiз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшiн «Қазақстан — 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелi индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсiпорын аштық. Соның арқасында әлемдiк бәсекеге қабiлеттi өнiмдер шығарылып, елiмiзге жаңа технологиялар келдi. Бұл елiмiздiң үшiншi технологиялық жаңғыруына жол ашты.

Ел аумағында бұрын-соңды болмаған темiржол, автокөлiк жолдары салынды.

Жүйелi жүргiзiлген реформалар нәтижесiнде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзiн ет, сүт және тағы басқа да азық-түлiк өнiмдерiмен емiн-еркiн қамтамасыз етiп қана қоймай, әлемдегi астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттiң қатарына қосылды.

Болашақ үшiн, алда күтiп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркiн еңсеру үшiн көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершiлiкпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмiрдiң өзi дәлелдедi.

Бiздiң Ата заңымыздың бiрiншi бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және оның өмiрi», — деп нақты жазылған. Сондықтан елiмiзде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңiл бөлiндi. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңiрде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдiк деңгейдегi ең озық техникалармен жарақталған аса iрi ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнiң ең дамыған елдерiнде тәжiрибеден өткiздiк және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесiнде ұлт денсаулығына қатер төндiрген бүгiнгiдей қиыншылық заманда жұқпалы дерттiң дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиiстi шараларды бiздiң дәрiгерлерiмiз жоғары кәсiби деңгейде атқаруда.

Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл — бүкiл әлем мемлекеттерiне түскен зор ауыртпашылық. Бiз оны осындай сын сағатта септiгiн тигiзетiн халқымыздың төзiмдiлiгi, ерiк-жiгерi және өзiне деген зор сенiмi арқасында мiндеттi түрде жеңiп шығамыз. Ол үшiн бiзге қажеттi нәрсе — қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлiк — бәрi бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негiз жоқ.

Әдетте жұрт көңiлi алаң осындай кездi ел iшiне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесiне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлi сондай азғырынды, арзан әңгiмелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптiң қамын көздейтiн адам айғайшыл күшiмен емес, игiлiктi iсiмен қызмет еткенi дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-бiлiммен шұғылданған абзал.

Бүгiнгi күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртiпсiз — ел болмайды, тәртiпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзiн еске салады және соны бекем ұстануды талап етедi. Өздерiңiз бiлесiздер, бұл пандемияны көршiмiз Қытай елi ұйымшылдығы мен темiрдей берiк тәртiбiнiң арқасында ауыздықтай алды.

Қазiргi Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бiзде осындай қиындық туғанда ешкiмге алақан жаймау үшiн, ұрпақ қамы, ел болашағы үшiн жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретiмен, үнемдi пайдаланар болсақ, ол бүгiн басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемiздi тiк ұстап өтуiмiзге мол мүмкiндiк бередi.

Ел Президентi Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуiнде барлық әлеуметтiк топтарға, кәсiпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетiлетiн алуан түрлi көмек туралы жан-жақты мағлұмат бердi. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткiзген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бiрi де болмас едi. Кезiнде соның бәрiн таратып берейiк дегендер де болған, бiрақ өмiр бiз қабылдаған шешiмнiң дұрыс болғанын көрсеттi.

Ендi Үкiмет пен жергiлiктi атқару органдары соны үнемдi түрде, рет-ретiмен орындауға кiрiсуi керек. Әр министр, әрбiр облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртiппен, үйлесiммен, нақты жоспармен, нық сенiммен әрекет етiп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелерi де осы бiр сауапты iстiң алдыңғы қатарынан табылуға тиiс.

Елiмiздiң ең үлкен байлығы — адам мен оның өмiрi болғандықтан, әрбiр адам өзiнiң, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өмiрiне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершiлiкпен қарауы керек. Өйткенi, ұлт денсаулығы — мемлекет қауiпсiздiгiнiң құрамдас бөлiгi.

Дәл осы тұста бәрiмiзге халқымыздың әрдайым

үлкенге — құрмет көрсетiп, кiшiге — қамқор болатын абзал қасиеттерi септiгiн тигiзедi деп сенемiн.

Адамның өзiне деген сенiмi — үлкен күш. Бұл бойымызға — қажыр, денемiзге — қуат, жүрегiмiзге сенiм ұялатады. Бiз қазiр көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерiмiздi, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендердi, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзiлмей жеткен ең iзгi қасиеттер бiздi осыған үндейдi.

Дәл қазiр бүкiл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдiк геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмiрiнiң сан алуан саласын қамтып, тiзбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерiнiң қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үндi халқының ұлы гуманист қайраткерi Махатма Ганди: «Әлемдi өзгерту үшiн әуелi өзiмiз өзгеруiмiз керек», — деген екен. Кеше ғана бiр-бiрiн аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер ендi өзара көмек қолын созысуда. Бұл — жаһандық деңгейдегi үлкен өзгерiстердiң бастауы.

Әлем тарихында ондаған жылдарға, тiптi жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленiстi жағдайлар мен кикiлжiңдер орын алған. Миллиондаған адамдарды баудай түсiрген iндеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрiн жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнiң ең алпауыт мемлекеттерi осы қиындықтан сабақ алуы керек.

Кезiнде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты — көрешек, ер мұраты — келешек. Осыларды ойлаған — қоймас түбi сүйiнбей», — деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазiр бiзге бүкiл адамзат өркениетiн сүрiндiретiн емес, барша әлем халқын сүйiндiретiн жаңашыл саясат керек.

Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсiлдерiн жетiлдiруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмiр салтын қалыптастыруға алып келедi. Бүгiнде еңбектi ұйымдастырудың креативтi әдiстерi, тiптi жаңа кәсiп түрлерi шыға бастады. Қазiр адамдар бiртiндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс iстеу режимiне көштi. Осының бәрi бiр кезде алдын ала жоспарланып, кеңiнен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкiн болып отыр.

Рухы мықты, өзiне сенiмдi адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан бiз бойкүйездiктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын iздеген бүкiл әлем халқымен бiрге ширыға, шыңдала түсуiмiз керек.

«Бiрлiк жоқ жерде — тiрлiк жоқ», — деген екен әйгiлi данышпан Төле би. Береке-бiрлiктiң алмайтын қамалы, бағындырмайтын биiгi болмайды. Бiз үшiн ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгi баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан — халқымыз тату-тәттi және келiсiмде өмiр сүрiп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз — бәсекелi және жаһандық әлемдегi бiздiң баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсiздiк жылдары қол жеткiзген барлық табысымыздың қайнары — ең алдымен халқымыздың береке-бiрлiгi. Алла Тағала бiздi осы бiрлiгiмiзден де, тiрлiгiмiзден де айырмасын.

Мен сөзiмдi алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкiлдерiне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, iзгi амалдар жасауға, саламатты өмiр салтын ұстануға үндеңiздер. «Ырыс алды — ынтымақ» екенiн ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, бiлiм алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңiздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершiлiк бiздi осыған мiндеттейдi.

Жаңа өскiн — жас ұрпаққа айтарым: тәуелсiздiк жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Елiмiздегi ең қуатты күш — өздерiңсiңдер. Аға ұрпақ сендер үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасады, ендi сендердiң де күш-қайрат жұмсайтын кездерiң келдi. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игi iстер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге — iзеттi, кiшiге  — қамқор, бiр-бiрiңе дос болыңдар. «Бiрiңдi қазақ бiрiң дос, көрмесең — iстiң бәрi бос» деген Абай аталарыңның өсиетiн ешқашан естен шығармаңдар.

Кәсiпкерлерге де арнайы айтарым бар: сiздер тәуелсiздiктiң арқасында өз iстерiңiздi қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдiңiздер. Ендi «Мен елiме не беремiн?» дейтiн кездерiңiз де келдi.

Осы орайда, менiң өтiнiшiм бойынша өз отандастарына қол ұшын берiп, қаржылай, заттай көмектесiп жатқан кәсiпкер азаматтар баршылық. Осы бiр жарасымды үрдiс, игi iс одан әрi жалғасын табады деп сенемiн.

Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игiлiк пен iзгiлiк қатар өркен жаяды. Осы қасиеттi қағида әрбiр қазақстандықтың жадынан, жүрегiнен орын алуы керек.

Маған небiр қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бiрлiгi бекем, пейiлi кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазiргiдей алабұртпа көңiл жағдайында дана да дархан халқыма — баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерiмдi жолдадым.

Бiз тәуелсiздiк жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердiк. Соның бәрiнде мен анық жағдайды, түйткiлдi проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сiздер маған үнемi сенiм арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенiмiнен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшiн Сiздерге тағы мың да бiр алғысымды бiлдiремiн.

Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауiпсiздiгi — бiр-бiрiмен етене, егiз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасайды және тиiстi шараның барлығын атқарады. Бiрде-бiр адам, елiмiздiң ешбiр азаматы қамқорлықсыз қалмайды.

Бiз — бiртұтас ел, бiрлiгi берiк жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бiрге болғанмын, бұл жолы да сiздермен бiргемiн.

Бiз бiргемiз. Қиындыққа қайыспай, белiмiздi бекем буып, береке-бiрлiгiмiзден айрылмайық. Сонда ғана бiз қастерлi тәуелсiздiгiмiздi сақтап, Қазақстанды «Мәңгiлiк ел» болуға лайықты ете аламыз.

08.04.2020Қараулар: 114

Сенім телефоны

ҚҰРМЕТТІ БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Сіздердің мағлұматтарыңызға Бурабай ауданының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметкерлерінің тарапынан заңсыз іс - әрекеттері туралы хабарлауға болатын сенім телефондарын жеткіземіз: 8 (716-36) 79-0-17.

«Заңды жер» Азаматтардың арыз-шағымдары үшін
«Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясындағы апта сайын азаматтарды  қабылдау жүргізу
мамыр, 2020
ДсСсСрБсЖмСнЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Әкімнің блогы

Әсет Азаматұлы Мұздыбаев

 

Сауалнама

Пошталық мекенжайы: Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласы, Абылайхан көш. 32, индекс: 021700
Мемлекеттiк қызметтердi көрсету мәселелерi бойынша 8 (716-36) 79-3-19 телефоны арқылы хабарласуға болады, Электрондық пошта: burabay_usl@akmo.kz
Элекртондық пошта адресi: burabay_kanz@aqmola.gov.kz
Телефон: 8 (716-36) 4-26-77