«TEMPS LIÉ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛЕТ ФЕСТИВАЛІ

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасы елордасының 20-жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақ ұлттық хореография академиясы» КАҚ 2018 жылдың 2-6 мамыры аралығында «Temps lié» Халықаралық балет фестивалінің өткізетіні жайлы хабарланды.

Бұл жөнінде Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Білім беру, ғылыми қызмет және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Алмат Суюнов, кәсіптік білім берудің мектеп-колледжінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Светлана Кокшинова, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық федерациясының мүшесі, өнер магистрі, хореограф, Қазақ ұлттық хореграфия академиясы Хореография факультетінің аға оқытушысы Анвара Садыкова баяндады.

Фестивальдің басты мақсаты өскелең ұрпақтың хореографиялық өнерін дамыту, қолдау және көпшілікке таныту болып табылады. Академияның алдына қойған міндеттері - қатысушылардың орындаушылық шеберлігін арттыру үшін шығармашылық ахуал жасау, дарынды орындаушыларды айқындау және қолдау көрсету, хореографиялық білім саласында шығармашылық жетістіктермен халықаралық алмасу.

Көрермендердің назарына үш номинациядағы нөмірлер ұсынылады: классикалық би, халық-сахналық би (фольклор, стильдік халықтық), сонымен қатар заманауи би.

Фестиваль аясында қатысушылар балет өнеріндегі өз мүмкіндіктерін сынап қана қоймай, Академияның профессор-оқытушылар құрамының және шақырылған балет өнері шеберлерінің шеберлік сабақтарына қатысып, жаңа тәжірибе алуға мүмкіндігі бар, олардың арасында: Ресей балет әртісі, балетмей¬стер, педагог, РКФСР еңбек сіңірген әртісі Мухамедов Ирек Джавдатович; Ресей халық әртісі, көпшілік таныған прима және жетекші балерина, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Лопаткина Ульяна Вячеславовна; балерина, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Золотой софит» сыйлығының лауреаты, Борис Эйфман балет театрының жұлдызы Елена Кузьмина бар.

Фестивальге құрметті қонақ ретінде көрнекті қытай хореографы, педагог, теоретик - Сяо Сухуа мырза, Р.Нуреев атындағы Башқұрт хореографиялық колледжінің директоры Г.О. Вильданов (Башқұртстан), «Sofia Ballet Academy» балет мектебінің директоры Кейсуке Косака мырза келеді.

Бұл фестиваль ТМД және таяу шет елдерінің шығармашыл жастары үшін мәре алаңы болмақ. Қазіргі кезде «Houston Ballet Academy» (АҚШ), «Sophia Ballet Academy» (Жапония), «Beijing Dance Academy» (Қытай), Р. Нуреев атындағы Башқұрт хореографиялық колледжі, «Shanghai Theater Academy» (Қытай), Баку хореография академиясы, «Tokyo New National Theater Dance Academy» (Жапония) және т.б. атақты балет мектептері өздерінің қатысатынын растады. Бұл фестиваль әртүрлі би жанрының орындаушылары арасында өзара қарым-қатынасты нығайтуға және қатысушылардың хореография саласында одан әрі кәсіби бағдар алуына, шыңдалуына мүмкіндік береді.

Фестиваль гала-концертпен аяқталады, онда қатысушылардың ең үздік нөмірлері көрсетіледі, сонымен қатар Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары өнер көрсетеді.

 

ҚР МСМ баспасөз қызметі

+ 7 717 2 74 09

SCK_2446

SCK_2480

SCK_2462

16.04.2018
Қараулар: 328