Жезқазған қаласында үш ғасыр бұрын жасалған қобыз табылды

Хабар.24 Үш ғасыр бұрын жасалған саз аспабы атақты бақсы, дәулескер күйшi Досымбай Итемгенұлына тиесiлi екен. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген құнды жәдiгер қазiр бақсының бесiншi ұрпағы Дастанбек ақсақалдың шаңырағында тұр. Қария қайтыс болғанымен, бәйбiшесi Зипан әже қара қобызды көзiнiң қарашығындай сақтап келген. Зипан әжей көненiң көзi болған киелi аспапты қадiр тұтып, ақ матамен қаптап, төрге iлiп қойған. 250 жыл бұрын жасалған қара қобыздың шектерi босағаны болмаса, сынын бұзбаған. Жиде ағашынан тұтас шабылып, төменгi жағы терiмен қапталыпты. Еспесi мен ысқышы жылқы қылынан тартылған. Ал құлақ бұрауының тұсында шолпылары және шанағында айнасы бар. Яғни осыған қарап-ақ бақсының қобызы екенiн аңғаруға болады. Досымбай бақсы оны 19 ғасырда Баржығұл деген шеберге жасатқан екен. Кейiн немересi Жұмадiлдаға аманаттаған.

Зипан Досымбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны: — 82 жасында қайтыс болыпты ол кiсi. Осы Жұмадiлдә атам 2-3 жастағы немересi екен. Сонда айтыпты ол кiсi: «Осы қобызды мына Жұмадiлдәға берiңдер», — деп.

Кейiн киелi аспап Жұмадiлдә ақсақалдан баласы Дастанбекке өткен. Ал ерi өмiрден озған соң, әулеттiң келiнi Зипан әжей қара қобызды көзiнiң қарашығындай сақтайды. Тiптi 1973 жылы Ленинградтан орыс зерттеушiлерi келгенде де бермептi. Жергiлiктi мұражайға өткiзуге де үзiлдi-кесiлдi қарсы болған.

Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог: — Досымбайдың өзiнiң киесi бар деп айтылады халықтың арасында. Мүмкiн сол себептермен мұражайға өткiзбеуi әбден мүмкiн. Қобыз — бақсылардың қобызы. Белгiлi бiр ерекшелiктермен жасалған.

Ұлытау бойында қобыздың қоңыр үнiн күңiренткен Досымбай бақсы — кешегi Қорқыт бабадан, Қойлыбай күйшiден қалған дәстүрлi өнердi жалғастырушы. Аты қазақ даласына аңыз болып тараған соңғы бақсылардың бiрi екенi ақиқат. «Алайда оның тұлғалық бейнесi әлi күнге толық зерттелмей жатыр», — дейдi тарихшылар. Ал көне қобыз Досымбай бақсыға қатысты ашылған алғашқы жаңалық. Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

26.12.2017
Қараулар: 387