Мемлекеттік рәміздері

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды (заңның толық мәтiнi). Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттiк рәмiздер күнi ретiнде мерекеленедi.

Мемлекеттiк рәмiздер — бұл кез келген мемлекеттiң егемендiгi мен бiртұтастығын бейнелейтiн, оның ажырағысыз атрибуттарының бiрi. Қазақстан Республикасында Мемлекеттiк ту, Мемлекеттiк елтаңба және Мемлекеттiк әнұран мемлекеттiк рәмiздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тiк бұрышты көгiлдiр түстi мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тiк жолақ түрiнде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесi алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк туының авторы — Қазақстанның еңбек сiңiрген өнер қайраткерi Шәкен Ниязбеков.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы — дөңгелек нысанды және көгiлдiр түс аясындағы шаңырақ түрiнде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесiндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесi орналастырылған. Жоғарғы бөлiгiнде — бес бұрышты көлемдi жұлдыз, ал төменгi бөлiгiнде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесi, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу — алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк елтаңбасының авторлары — белгiлi сәулетшiлер Жандарбек Мәлiбеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк әнұраны

Бұрын «Менiң Қазақстаным» әнi ретiнде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда елiмiздiң Парламентiнде бекiтiлдi. Бiрiншi рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсiмiнде орындалды.

Музыкасы — композитор Шәмшi Қалдаяқовтiкi, сөзi — Жұмекен Нәжiмеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтiкi.

 

 

 

 

 

 

 

***

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерлiктiң дастаны,
Елiме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң — Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерiм бар.
Бiрлiгi жарасқан,
Тәуелсiз елiм бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгiлiк досындай,
Бiздiң ел бақытты,
Бiздiң ел осындай!

Қайырмасы:

Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң — Қазақстаным!